Маусым айының басында Қырымда "Ұлы орыс сөзі" атты жыл сайын өтетін ресейлік фестиваль ашылды. Оған қатысушы әрбір адамға "Орыс тілі – мақтанышымыз" деп аталатын кітапша берілді. Оны Мәскеуге бағынышты Қырым парламенті мен үкіметі әзірлеп, шығарған. Бұл жоба Қырымдағы ресейлік биліктің Батыс құндылықтарымен күресінің жалғасына айналды.
Олар бірнеше жылдан бері Қырым халқының ауызекі сөзіне баяғыдан сіңіп кеткен шетел сөздерін орыс тілінен түп-тамырымен жоюға тырысып келеді. Бұл күрес әсіресе Ресей Украинаға кең ауқымды басқыншылық соғысын бастағаннан кейін тіпті күшейе түсті.
"Орыс адамының тілі"
Орыс тіліне арналған әлгі кітапшада орысша сөйлейтіндерге танымал шетел сөздері мен олардың орысша баламалары келтірілген. Оған қоса, Николай Некрасов пен Александр Пушкин сынды орыс классиктерінің шығармаларынан үзінділер бар.
Кітапша авторлары шетел сөздерін "Ресейге жат пиғылдағылар әдейі таңған" деп есептейді.
Қырымның ресейшіл парламентінің спикері Владимир Константинов түбек халқын "орыс тілінің тазалығын сақтап қалу" үшін шетел сөздерінің орнына тек орыс тіліндегі балама сөздерді қолдануға үндеді.
Ол әсіресе америкалық ағылшын тілінен енген сөздерді бөле-жара атап өтті.
Ағылшынша терминдерді ойланбастан сіміру, сленг қолдану – орыс тілін жоюға әкеп соғадыВладимир Константинов
"Кітапшада екі түрлі мәтін ұсынылған: біріншісі – пиғылы бөтендердің бізге таңып жатқан сөйлеу үлгісі, екіншісі – рухы орыс адам қолдануға тиіс үлгі. Кейінгі кездері орыс тіліне шетел сөздері енуі, сленг араластырып былықтыру айтарлықтай қарқын алды. Батыс мәдениетіне бұрыннан бағдар алудың нәтижесінде орыс тіліне англицизмдер, әсіресе америкалық ағылшыннан енген сөздер кеңінен тарады. Кейбір отандастарымыз мұндай кірме сөздерді өзін озық адам ретінде көрсетудің тәсілі деп қате түсінеді. Бірақ ағылшынша терминдерді ойланбастан сіміру, сленг қолдану – орыс тілін жоюға әкеп соғады", – деді Константинов.
"Орыс адамының нұсқаулығында" сынға алынған бір сөз – "дабстеп". Бұл – 2000-жылдары Англияда пайда болған музыка жанрының атауы. Бұл сөздің орыс тілінде нақты баламасы жоқ. Алайда оны орысша қалай атау керектігі кітапшада көрсетілмеген.
"Сөздің маңызы – қарудан кем емес"
Қырым билігі тіл қорынан Батыс сөздерін жоюға бірнеше жылдан бері әрекет жасап келеді. Алайда "қажеті жоқ кірме сөздерді" тіпті осы идеяны алға тартып жүрген шенеуніктердің өздері де жиі қолданады.
Мәселен, орыс тіліне арналған кітапшаны шенеуніктер "брошюра" деп атап жүр. Бұл сөз орыс тіліне француз тілінен енген.
Қазіргі уақытта Орыс сөзінің қуаты – қару қуатынан кем емесСергей Аксенов
Қырымның ресейшіл билігі орыс тілін шет тілдерінен кірген сөздерден арылту – Ресейдің Украинаға қарсы ашқан кең ауқымды басқыншылық соғысының жалғасы екенін жасырмайды.
"Ресейдің тағдыры СВО (Ресей билігі Украинаға қарсы соғысты "арнайы әскери операция" деп атайды – ред.) майдандарында шешіліп жатыр. Қазіргі уақытта Орыс сөзінің қуаты – қару қуатынан кем емес", – деп мәлімдеді Қырымның ресейшіл билігінің жетекшісі Сергей Аксенов.
"Орыс тіліне енген англицизмдерге" қарсы белсенді күрес жүргізіп жүргендердің бірі – Қырымның ресейшіл парламенті төрағасының орынбасары, Ресей федерациясының бұрынғы сенаторы Сергей Цеков. Ол әлдебіреулер орыс тіліне шетел сөздерін әдейі енгізіп, оның "маңызын төмендетуге тырысады" деп есептейді.
Ондайға жол бермеу үшін Қырымның ресейшіл билігі бұған дейін кафе, дүкен және басқа да қоғамдық орындардағы ағылшынша немесе латын әріптермімен жазылған атауларды өзгерту жайлы бастама көтерген.
Шенеуніктер маңдайшадағы атауы шетел тілінде жазылған жүздеген нысанды анықтап, олардан жазуды өзгертуді талап еткен. Сөйтіп кәсіпкерлер нысанның ағылшынша атауын кириллица қаріптерімен қайта жазуға мәжбүр болды.
Алайда әкімшілік әдіс-тәсіл ағылшын сөздерін Қырымнан ығыстырып шығара алмады – олар тек орысша әріптермен жазылды, мазмұны өзгерген жоқ.
Кәсіпкерлер нысан атауын өз еркімен өзгертуге асыққан жоқ. Көптеген нысандар бұрынғы ағылшынша атауымен қала берді. Бұл көбіне олардың заңды тіркеуде сол атаумен бекітілгендігіне байланысты.
"Маңдайша өзгерді, тіл тазалығы қайда қалды?"
Ресей билігінің Қырымдағы орыс тілінің тазалығы үшін күресін жұрттың бәрі бірдей қолдай бермейді. Қырымда тұратын ресейшіл саясаткер Степан Кискин бұл бастаманы "пиар" және "жасанды әрекет" деп атайды.
Маңдайшадағы әріп латыннан кириллицаға ауысқанымен, атаудың өзі бәрібір шетел тілінде қалдыСтепан Кискин
"Маңдайшадағы шетел тіліндегі жазуды өзгерту жайлы бастама көңілде тек қынжылыс тудырады. Өйткені әріп латыннан кириллицаға ауыстырылғанымен, атаудың өзі бәрібір шетел тілінде. Сонда әлгі шенеуніктер желеулеткен тіл тазалығы қайда қалды? Мысалы, "фаворит" дегеннің орнына "сүйкімді", ал "коннект" сөзінің орнына "жалғау" деуге болады. Әйткенмен, шынымды айтсам, бұл іспен айналысу – ақымақтық. Ғылыми-техникалық прогресс әлем елдері мен халықтарын жақындастырғаны соншалық, бір-бірінен алынған сөздер ауызекі тілге күнделікті еніп жатыр", – деп мәлімдеді ол.
Оның пікірінше, Қырымда шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық мәселелер шаш-етектен болып жатқан шақта тіл тазалығы үшін күрес жүргізу – "күлкіні келтіретін ақымақтың қылығы" болып көрінеді.
Қырым белсенділері мен кәсіпкерлер шетел тілінде жазылған маңдайшаны өзгертуге ашық қарсы шықпағанымен, оңаша әңгімеде бұл идеяға наразы екенін жасырмайды. Олар бұл шараларды "орыс тілін қорғауға еш қатысы жоқ", тек "артық шығын мен қиындық тудыратын" тірлік деп есептейді.
Олар әуелі тарихты қайта жазды, енді өздерін "ұлы әрі қуатты" тілдің қорғаушысы етіп көрсетуге тыраштанып жүрАлексей Ефремов
"Сындарлы ой иесі мұның ақымақтық екенін бірден байқар. Олар әуелі тарихты қайта жазды, енді өздерін "ұлы әрі қуатты" тілдің қорғаушысы етіп көрсетуге тыраштанып жатыр. Сарапшылардың пікірінше, орыс тіліндегі сөздердің 70 пайызы – кірме сөздер. Ендеше билік, қалай жан сақтаймын деп онсыз да жанталасып жүрген кәсіпкерлерді "қыспаққа" алудың орнына, "депутат", "парламент", "министр" деген сияқты шетел сөздерін қолдануды доғарып, өзінен бастағаны дұрыс шығар, – деді Қырым.Реалии тілшісіне Қырым белсендісі, "Еркін Қырым" қоғамдық ұйымының өкілі Алексей Ефремов.
Тіпті Ресейдің Украинаға қарсы соғысын құптайтын Z-пабликтердің өзінде Қырымдағы шетел тілінде жазылған маңдайшалармен күрес біржақты қолдау таппай отыр.
Соған қарамастан, Қырымның ресейшіл билігі өз бастамасын халық қолдайды деп мәлімдеп, "орыс тілінің тазалығы" үшін күресуді жалғастырып жатыр.